19
март
2026
Эстониядан келген құрметті қонақтарымызды №178 мамандандырылған лицейде жылы қарсы алдық.
«Жаратылыстану-математикалық ортадағы жобалар мен тәжірибелер» тақырыбында өткен халықаралық семинар ғылыми-педагогикалық тұрғыдан жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс- шара барысында STEM білім беру, зерттеушілік оқыту әдістері және білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Семинар аясында қонақтар лицей жанындағы SPACE LAB зерттеу орталығының қызметімен танысты. Орталықта оқушылардың инженерлік ойлауы мен эксперименттік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жобалар ұсынылды. Демонстрация ретінде оқушылар дайындаған зымыран көк аспанға сәтті ұшырылып, аэродинамика мен физика заңдарының қолданбалы көрінісі көрсетілді. Сонымен қатар, дрондар арқылы ұйымдастырылған шағын шоу заманауи технологиялардың білім беру үдерісіндегі мүмкіндіктерін айқын көрсетті.
Қонақтарға лицейде жүзеге асып жатқан BilimLAB, «Үздіктен үйрен», «Мен-практик» жобалары, жаратылыстану-техника бағытындағы оқушылардың өз қолдарымен жасаған авторлық жобалары мен инженерлік құрылғылары таныстырылды. Өз кезегінде эстондық әріптестер жаратылыстану-математикалық бағыттағы цифрлық білім беру тәжірибесімен бөлісіп, оқу үдерісінде ЖИ (жасанды интеллект) технологияларын тиімді қолдану жолдарын ұсынды. Сонымен қатар, қонақтар дарынды оқушылардың жобалық жұмыстарымен танысып, лицей өмірі мен жетістіктерін оқушылардың өздері гид ретінде таныстырды.
Бұл маңызды кездесу Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында өтіп, ерекше жылылық пен достық атмосфера сыйлады. Қонақтарға қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылып, мәдениетімізбен тереңірек танысуға мүмкіндік жасалды.
Аталған іс-шара халықаралық білім беру ынтымақтастығын нығайтып, тәжірибе алмасу арқылы ғылыми-инновациялық дамуға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Болашақта бірлескен жобалар мен академиялық әріптестіктің ауқымы кеңейе түседі деп сенеміз. Бірге жаңа ғылыми жетістіктерге жетеміз!!!

