15
декабрь
2025
Желтоқсан — тәуелсіздікке бастар жол
Желтоқсан көтерілісі — 1986 жылғы 17–18 желтоқсанда Алматы қаласында өткен, қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы бағытталған батыл наразылық әрекеті. Бұл тарихи оқиға — бостандық пен тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқының тағдырындағы ең елеулі кезеңдердің бірі.
«Қилы заман мықты адамдарды тудырады, ал мықты адамдар бейбіт заман тудырады» деген даналық сөзді негізге ала отырып, бүгін №178 мамандандырылған лицейдің 5 «Ә» сынып оқушылары тәуелсіздік жолында күрескен Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы, АӘ және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Құрмансейітов Бауыржан Абайұлымен тағылымды кездесу өткізді.
Кездесу барысында ұстаз ел үшін жанын шүберекке түйіп, бастан өткерген ауыр да тағдырлы сәттерімен бөлісті. Оның жүрек тебірентер естеліктері оқушыларға терең әсер қалдырып, ерлік пен елжандылықтың шынайы үлгісін көрсетті. Кездесу соңында көптеген оқушылардың көздеріне жас үйіріліп, жүректерінде Отанға деген сүйіспеншілік сезімі одан әрі күшейе түсті.
Желтоқсан рухы — мәңгілік.
Тәуелсіздік — ұрпаққа аманат! 
