25
ноябрь
2025
«Lesson Study әдістемесін білім беру тәжірибесіне енгізу: тиімді жолдар мен жаңа көзқарастар»
2025 жылдың 25 қарашасында Алматы қаласындағы №36 гимназия базасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, университеттің биология кафедрасының №178 мамандандырылған лицейдегі филиалы және Алматы қаласы Білім басқармасының Білім берудегі Жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы бірлесе ұйымдастырған қалалық семинар өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – Lesson Study әдістемесінің мазмұны мен құрылымын талдау, оны мектеп тәжірибесіне тиімді енгізу жолдарын көрсету, педагогтердің кәсіби дамуына ықпал ету және бірлескен жоспарлау, бақылау мен талдау арқылы білім сапасын арттыру.
Іс-шараға халықаралық деңгейдегі сарапшы, OECD тәуелсіз кеңесшісі, педагогикалық психология саласының PhD докторы Клеа Фернандес, Абай атындағы ҚазҰПУ ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі профессор Берикханова А.Е., биология кафедрасының меңгерушісі Майматаева А.Д., кафедра оқытушылары, қала мектептерінің мұғалімдері мен университет студенттері қатысты.
№178 мамандандырылған лицейдің мұғалімдері:
– Алипова М.Т. – биология пәнінің мұғалімі
– Бақытжан Н. – химия пәнінің мұғалімі
– Ақын Г. – физика пәнінің мұғалімі
Олар «Жаратылыстану пәндерін оқытуда Lesson Study әдісін қолдану» тақырыбында шеберлік сағатын өткізіп, оқушылардың назарын күшейтуге, зейінін шоғырландыруға бағытталған озық әдістерімен бөлісті.
Семинар қатысушыларға – халықаралық кеңесшіден бастап мектеп мұғалімдері мен профессорлық-оқытушылық құрамға дейін – зор әсер қалдырды. Білім беру үдерісінде Lesson Study әдісін тиімді қолданудың жаңа мүмкіндіктері көрсетіліп, педагогтердің кәсіби дамуына тың серпін берілді.
