15
август
2025
"Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман" тақырыбындағы республикалық ұстаздар конференция өтті
Бүгінгі күні еліміздің болашағына бағытталған маңызды шара – "Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман" тақырыбындағы республикалық ұстаздар конференциясына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуы, Ақордада өтуі білім беру саласына ерекше мән беріліп отырғанының айғағы деп санаймын. Білім саласындағы жаңашыл ойлар мен құнды ұсыныстар ортаға салынды.
Әсіресе, осы ауқымды жиында Мемлекет Басшысының дарынды оқушыларды арнайы атап өтіп, олардың табысты болуына жол ашқан ұстаздарына айрықша құрмет көрсеткені – барша ұстаздар қауымы үшін үлкен мәртебе әрі шабыт көзі бола білді. Бұл білім мен ғылымға деген биік көзқарастың, ұстаз еңбегіне берілген шынайы бағаның көрінісі деп ойлаймын.
Бұл – біз үшін, мамандандырылған лицей ұжымы үшін аса маңызды әрі қуантарлық қолдау.
Лицей басшысы ретінде мен Мемлекет басшысының осы бастамасын толық қолдаймын.
Біз үшін әрбір дарынды оқушы – үлкен болашақтың бастауы. Олардың қабілетін танып, дамыту – тек мектептің ғана емес, тұтас қоғамның міндеті.
- Дарынды оқушыларды анықтау;
- Арнайы бағдарламалар мен жобалар арқылы қолдау;
- Ғылымға, өнерге, технологияға бағыттап, қабілеттерін ұштау – лицейіміздің басты мақсаттарының бірі.
Бүгінде лицейімізде түрлі бағыттағы дарынды оқушылар білім алып отыр. Олар халықаралық, республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен жобаларда еліміздің атын шығарып жүр. Біз оларға сенеміз және барлық қажетті жағдайды жасауға дайынбыз.
Әрине, дарынды оқушыға білім нәрін сеуіп, жол көрсетіп, бағыт-бағдар беретін талантты ұстаздарымыздың да еңбегі ұшан-теңіз. Ұстаздық кәсібімізге көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар келешек ұрпаққа берер біліміміздің қаншалықты маңызды екенін айқындайтын сәт. Президент білім мен тәрбие сапасын арттырудың маңыздылығына тоқталып, мұғалімдердің кәсіби дамуына, қоғамдағы мәртебесіне ерекше назар аударды.
Осындай мазмұнды кездесулер бізге жаңа серпін, тың идеялар мен жігер сыйлайды. Лицей ұжымы алдағы оқу жылына үлкен ынтамен, жауапкершілікпен қадам басуға дайын.