30
ноябрь
2022
«Әкеден - өсиет, анадан - қасиет» атты Алатау аудандық ата-аналар форумы өтті.
2022 жылдың 29 қараша №178 мамандандырылған лицейдің 10 жылдығына мерейтойына орай, «Сенімен болашақ» РҚБ Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен және Алматы қаласы Білім басқармасының қолдауымен «Әкеден - өсиет, анадан - қасиет» атты Алатау аудандық ата-аналар форумы өтті. Форумның мақсаты – әкеге қарап ұлдың, шешеге қарап қыздың өсуімен сабақталып жатқан қазақы тәрбие дәстүрінің өз бағытына түсуіне үлес қосу, заман ағымына сай бейімдеп, жаңғырту, қазақ отбасындағы бәрінен қымбат саналатын әкенің мәртебесін қайтару, ұрпақ тәрбиесіне байланысты мәселерді талқылау болды. Іс-шараға бірлестіктің құрылтайшысы, идея авторы, ұлт жанашыры Нұркен Жарылқапұлы, бірлестік төрайымы Жансая Бердімұратқызы, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, сазгер, ҚР Білім беру ісінің үздігі Камнұр Тәлімұлы, Алатау аудандық білім бөлімінің әдіскері Әлия Смағұлова және ата-аналар қатысты. Жиынның шымылдығы мектеп оқушыларынан құралған оркестрдің орындауындағы адам рухын оятар бәсі биік күймен ашылды. Алғашқы сөзді алған бірлестік құрылтайшысы Нұркен Жарылқапұлы бірлестіктің қалай дүниеге келгенін, бала тәрбиесіндегі ата-ананың бүгінгі функциясын толығымен жеткізе білді. Жаһандану жағдайында баланы қазақ отбасының ұлттық қалпы мен салтын сақтай отырып әрі оны қазіргі күннің озық мәдениетімен сабақтастыра отырып тәрбиелеу ең өзекті мәселенің бірі болғандықтан ата-аналарды сауатты болуға шақырды.Ұстаз Камнұр Тәлімұлы болса «Тағдырдың қалай ауатыны бесіктің қалай тербелгеніне байланысты» дегендей, іргетасы берік, тәрбиесі тереңде жатқан отбасы арқылы Ұлт үмітін ақтаған ел ертеңі жастарға дұрыс тәрбие, тура бағыт-бағдар беру мәселесі ата-анаға байланысты екенін, сол үшін тәрбиені тал бесіктен бастау керектігін ұғынықты тілмен жеткізе білді. Төрайым Жансая ханым ата-аналардың рухани-танымдық санасы мен жан-жақты сауаттылығын арттыру жолына бел шеше кіріскен бірлестіктің ауқымды жобаларына шолу жасады. Шара соңында ата-аналар пікірлерін білдіріп, ұлттық қазақы тәрбиені жаңғыртуға үлес қосқан бірлестікке сәттілік тіледі. Ал лицей басшысы Қайратбек Хамзаханұлы саналы ұрпақ тәрбиелеу ең алдымен әр ата-ананың санасына, мәдениетіне байланысты екендігін айта келіп, бұл жиыннан әр ата-ана ой түйіп қайтады деген тілегін білдірді. Әнмен әрленіп, бимен безендірілген кештің әр ата-ананың жадында ұзақ жатталатынына сеніміміз мол.


